​БУЫНЫ ауыратындар қандай СПОРТпен айналысса болады?

0
779

«Аяғым ауырады», «тізем жарамайды» деп отыра бермеңіз.


​БУЫНЫ ауыратындар қандай СПОРТпен айналысса болады?

Тізе және басқа да буындарынан жарақат алғандар мен буын ауруына ұшырағандар қатары қалың. Егде жастағыларды былай қойғанда, жастар арасында да көп. Ендігі жерде оларға буындарына күш түсірмей жүру керек пе? Күш түсірмейін деп, мүлде қозғалтпай қоятындар бар. Мұның зияны одан да асып түспей ме?

Асылында, дәрігерлер де, жаттықтырушылар да бір ауыздан спорт, физикалық белсенділік бәріне керек дейді. Сонда буыны ауыратындардың қайткені жөн?


Буыны ауыратын адамдардың ең жақсы достары:

  • Жаяу жүру
  • Эллиптикалық тренажер немесе шаңғы
  • Жүзу
  • Гимнастика
  • Велосипед тебу


Жаяу жүру

Жүру – адам үшін ең табиғи физикалық жаттығу. Бір қызығы, адамдар күніне орта есеппен алғанда небәрі 6000 қадам ғана жаяу жүреді екен. Ал денсаулыққа пайдалы болуы үшін, физикалық жаттығуға санау үшін бұл өте аз. Буыныңыз ауырса және оған жаттығумен көмектескіңіз келсе, күніне 10-20 мың қадам басыңыз. Сонда бірнеше артық келіден арыласыз, қан айналымын жақсартасыз және буындардағы байламдарды нығайтасыз. Жай ғана серуенді тау, орман, саябақтағы скандинавиялық жүріс не туристік саяхатқа ұластырсаңыз, тіпті жақсы. Ондағы таза ауа екі есе пайдалы әсер сыйлайды.


Жүзу және аэробика

Жалпы, жай ғана су астында болудың өзі адам ағзасы үшін ерекше күй әрі сауықтырғыш әсерге ие. Ал жүзу ауырған буынды қалпына келтіруде ғана емес, буын ауруларының алдын алуда да өте тиімді тәсіл. Су аэробикасы да буындарға жүктемені азайтатын, бұлшықеттерге гидромассажды қамтамасыз ететін тамаша жаттығу түрі. Жаттығудан кейін қан ағымы жақсарады, бұлшықеттер күшейеді және жалпы тонусы жоғарылайды. Жүзу және аэробика жүкті әйелдер үшін де тамаша, өйткені осы кезеңде буындарға жүктеме 20 есеге дейін артады!

Эллиптикалық тренажер және шаңғы

Эллиптикалық тренажермен жаттыққанда және шаңғы тепкенде қолдар мен аяқтардың сырғымалы қозғалысы арқылы буындарға жұмсақ әсер етіледі. Жалпы, дәрігерлер шаңғы тебуді барлығына дерлік ұсынады. Дегенмен, буыны ауыратындарға шаңғы тебу пайдалы болғанымен, одан құлау қауіпті. Сондықтан, ауру буынға пайдасын тигіземін деп, шаңғы тебуді жаңадан үйренуге болмайды. Оның орнына эллипспен жаттығу жасаған дұрыс.

Велосипед

Ауру буынмен велосипед тебудің еш зияны жоқ, керісінше, пайдалы. Тек, тегіс жерді таңдау керек. Ойлы-қырлы, кедір-бұдырлы жер – буыны ауыратындарға арналған нұсқа емес. Бастапқыда қатты тербелістерді болдырмас үшін стадионда немесе тротуарда жүрген жөн. Оған мүмкіндік болмаса, велосипед үлгісіндегі тренажерде жаттығуға да болады. Оның да өз тиімді тұстары бар. Ауа райын таңдамайды, діріл жойылады, сонымен қатар бұлшықеттерге жүктемені реттеуге болады. Жаттығу уақытын 15-20 минуттан бастап, бірте-бірте ұзарта беріңіз.


Гимнастика

Гимнастика жастық пен сұлулықты ұзақ сақтағысы келетіндердің бәріне ұнайды. Йога, пилатес және басқа керіліп-созылу жаттығулары буындардың сау болуына ең жақсы көмекші.

Физикалық белсенділік, спорт және дене шынықтыру барлығына қажет. Әсіресе, қандай да бір ауруға душар болсаңыз. Сондықтан, сырқат спортты тоқтатып қоюға, бір орыннан қозғалмай отыруға себеп емес. Физикалық тұрғыда белсенді болыңыз. Қандай жаттығу жасасаңыз да, қай спортпен айналыссаңыз да, ең бастысы, өзіңіздің сезімдеріңізге мән беріңіз. Ұнайтын және денеңізге жағатын қимылдарды жасаңыз.

Мақаладағы кеңес дәрігерлік тағайындау болып саналмайды. Сондықтан спорт не жаттығу түрін таңдар алдында дәрігерден кеңес алыңыз.

Дайындаған: А. Керім,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТЕРІС қарап жүру ТІЗЕҢІЗДІ аурудан құтқарады