Күнделікті үзбей жасау көру қабілетін жақсартып, көздің өткірлігін арттырады.
Бұл жаттығулар көз бұлшықеттерінің тонусын қалпына келтіруге көмектеседі және көз ауруларының алдын алады. Күнделікті үзбей жасау көру қабілетін жақсартып, көздің өткірлігін арттырады. Жаттығудың негізгі артықшылығы:
- көз тіндерін оттегімен қанықтырады
- ісікті басады
- шаршағанды басады
- көз бұлшықетін берік етеді
- жасушалардағы зат алмасуды қалыпқа келтіреді
Әрине жаттығумен көз ауруларын толық емдеу мүмкін емес. Дегенмен қалыпты ұстауға, алдын алуға жақсы көмектеседі.
Пальминг
Жаттығудың бұл түрі адамға физикалық және психологиялық тұрғыда әсер етеді.
- Ыңғайлы орындыққа отырып алып, шынтақты столға тіреңіз.
- Бірнеше секунд алақаныңызды ысқылап қыздырып алыңыз.
- Алақаныңызбен көзді жабыңыз. Қатты басудың қажеті жоқ, бірақ жарықты жақсы жауып тұрғаны дұрыс.
- Қабағыңыз да алақанмен толық жабылып тұруы керек. Еркін тыныстап, көз алдыңызға біртүсті қара мата елестетіңіз.
- Тура осы қалыпта кемі 3 минуттан 20 минутқа дейін отырыңыз. Қолыңыз суып қалғандай сезінсеңіз, қайтадан ысқылап қыздырып алуға болады.
- Жаттығу кезінде өзіңізді еркін ұстаңыз және «Менің көзім өте жақсы көреді» деп ойыңызға сіңдіре беріңіз.
- Жаттығу біткен соң алақаныңызды алып, көзіңізді бір-екі рет ашып-жұмып жіберіңіз және басыңызды бұрып екі жаққа кезек-кезек қараңыз.
Бұл жаттығу көзге жақсы демалыс береді. Бұлшықеттері босаңсып, көздегі қадалып тұрған жайсыздық басылады.
Жарыққа қарау
Үй жағдайында көзді қалыпқа келтірудің ерекше тәсілдерінің бірі.
- Жарық ретінде Күнді немесе кәдімгі жарық лампасын пайдаланыңыз.
- Жарыққа қарап, көзді жұмып тұрыңыз.
- Көз жұмулы күйінде басыңызды барынша оңға бұрып, бастапқы қалпына қайта келіңіз.
- Тура осы әрекетті солға қарай қайталаңыз.
- Жарыққа қараған кездегі уақытты біртіндеп ұзарта беріңіз.
- Көзіңіз жарыққа үйренген кезде жаймен қабағыңызды көтеріп, көзіңізді ашыңыз.
Көз дәрігерлері тікелей Күн сәулесі көз қарашығына зиян тигізуі мүмкін дейді. Сондықтан бұл жаттығуды жасағыңыз келсе, дәрігермен кеңесіп алғанның артықтығы болмайды.
Ескерту! Жаттығудың тиімділігі жоғары болу үшін күнделікті бір уақытта жасау керек.
Әр жаттығудан кейін көзді жұмып, бірнеше секунд демалдырып алған дұрыс.
Кімдерге жасауға болмайды?
Бұл жаттығулар – бұлшықетті босаңсытуға, көздің өткірлігін көтеруге көмектесетін ең қауіпсіз және қолжетімді тәсіл. Дегенмен, кейбір жандарға жасауға болмайды.
- Көздің ішкі тор қабығының қабатталуы болса (жаттығу қан айналымына әсерін тигізетін болғандықтан, көзге қан көп келіп, тор қабығын жарып жіберуі мүмкін)
- Қабыну және инфекциялық көз ауруы болса (жаттығу кезінде ауырсынулар сезіледі)
- Отадан кейін қалыпқа келу кезеңі (оңалту кезінде көзді уқалауға болмайды)
Көзге зиян тимес үшін жаттығуды бастамай тұрып, дәрігермен кеңесіп алу керек.
Дайындаған: Э. Базарбаева,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: