РАУШАН ГҮЛІН еккіңіз келе ме? Онда КӨШЕТІН дұрыс ТАҢДАҢЫЗ

0
9 679

Раушан гүлінің кез-келген сұрпын, кез-келген топырақта өсіруге болады.


РАУШАН ГҮЛІН еккіңіз келе ме? Онда КӨШЕТІН дұрыс ТАҢДАҢЫЗ

Күн жылынып, көктем келісімен есіктің алдын, үйдің айналасын, бау-бақшаны ретке келтіру жұмыстары басталады. Әсіресе есіктің алдына неше түрлі гүлдерді егіп жайнатып қойғанды жақсы көреміз.

Ендеше бұл жолғы кеңестеріміз гүлдердің патшайымы саналатын раушан гүлін егу, күтіп баптау сияқты жұмыстарға арналады. Себебі көктем мезгілі раушан гүлін өсіруге ең қолайлы кез саналады. Дәл осы мезгілде егілген раушандар тез жерсініп, жақсы өніп кетеді.


Раушан гүлдерін егуге қолайлы уақыт

Жалпы раушан гүлдерін топырақ қызып, ауа температурасы тұрақты +12 мен + 15-ті көрсеткен кезде еккен дұрыс. Яғни оңтүстік өңірлерде наурыз айының ортасынан ары қарай мамырға дейін, ал солтүстікте мамыр айының бас жағынан бастаған жөн.


Раушан гүлінің көшетін таңдағанда нені білу керек?

Еңбегіңіз еш кетпес үшін бірінші кезекте сапалы көшет таңдау маңызды.

  • Егер ашық тамырлы (тамыр жүйесі түгелдей ашық көрініп тұрады) көшет болса, онда міндетті түрде 25 см-ге дейінгі, 2-3 сабағы барын алыңыз. Өсімдіктің қабығы тегіс және жылтыр болуы тиіс. Тамырының бірнешеуі солқылдақ иілгіш және қою қоңыр түсті болғаны дұрыс.
  • Жабық тамыр жүйелі (ыдысқа отырғызылған немесе тамыры лаймен жабық тұрған) көшетті алғанда, бірінші кезекте өскіндеріне мән беру керек. Олар тым ашық түсті және ұзын болмағаны дұрыс. Себебі мұндай көшеттердің жаңа жерге жерсініп, ары қарай өніп кетуі қиынға түседі.
  • Қалтадағы көшетті таңдағанда да өскіндерді қарау керек. Олар жылтыр, біртүсті жасыл болуы тиіс, ешқандай қара дақ болмағаны дұрыс.


Көшетті егуге дайындау

Көшетті әкеліп бірден топыраққа еге салуға болмайды. Мұның соңы ақша мен еңбектің зая кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан алдымен гүл көшетін дайындап алу керек.

  • Ең алдымен тамырын жақсылап даралап аламыз. Құрғақ тамырларды ортасы ақ түсті, сау жеріне дейін кесіп қысқартамыз. Ал қатты құрғап кеткен тамырларды 30см-ге дейін кесіп тастауға болады. Бұл жаңа тамырдың шығуына көмектеседі.
  • Келесі кезекте әлсіз, сынған, бүлінген өскіндер болса кесіп алып тастаймыз. Көшетте тек мықты, шамамен 25- 35 см жуандықтағы бұтақтар қалуы керек және ол бұтақта 2-7 бүртік (сұрпына қарай) болуы тиіс.
  • Одан кейін көшеттегі парафинді алып тастау керек. Кейбір дүкендерде немесе бағбандар көшет қатты құрғап кетпеу үшін парафин пайдаланады. Қабықтағы парафинді ағаштан жасалған тіс тазартқыштың (зубочистка) көмегімен мұқият алып тастауға болады.

  • Соңғы кезекте көшетті егуден алдын тамырын «корневин – тамыр шығаруға арналған препарат» араласқан суға саламыз. Тамыр толықтай суға батып кемі 2 сағат тұруы тиіс.
  • Тамыр шығаратын судан алған соң, түрлі аурудан сақтану үшін 20 минутқа Фундазола ерітіндісіне (2 литр суға 1 ас қасық мөлшерінде) салып аламыз.


Раушан гүлдері жақсы өнуі үшін топырақ қандай болғаны жөн?

Егер топырақ раушан гүлін өсіруге келмейтін болса, онда түзетуге болады.


  • Егер топырақ қатты, тығыз балшықты болса, онда оған ірі құм және қарашірік араластыру керек.
  • Ал егер топырақ құмды болса, онда оған қарашірік және балшықты ұсақтап қосамыз.


МАҢЫЗДЫ! Көшетті қондырған соң 10 күнге дейін көлеңкелеп қойған дұрыс.

КЕҢЕС: Егер қарашірік топырақ немесе ескірген көң табу қиынға соқса, онда оның орнына жылқының тезегін пайдалануға болады. Ол шіріп үлгермеген жаңа болса да гүл тамырын күйдірмейді.


Көшетті еккеннен кейінгі күтім

Ең бірінші кезекте көшетті егіп болған соң суғару маңызды. Суғару үшін суды кемі бір күнге ыдысқа құйып қойған дұрыс. Су өте салқын болмауы тиіс, шамамен 20-30 градуста болғаны жөн. Көшетті еккен соң оны күнделікті суғару керек. Шамамен 2 аптадан кейін аптасына 1 рет суғаруға көшуге болады.


КЕҢЕС! Көшетті отырғызған соң суғару таңертең немесе кешкі мезгілде жасалады.

Бұл кеңестер раушан гүлдерінің жалпы барлық сұрпына арналған, яғни, өрмелеп өсетін, ағылшын раушаны және т.б. түрлеріне арналған. Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: ӘЙЕЛ және ЕР БАҚЫТЫ гүлдерін ӨСІРУДІҢ де ҚҰПИЯСЫ БАР