​Арықтау үшін кептірілген нанның қай түрін жеу керек?

0
7 253

Артық жесе адам кептірілген наннан да салмақ қосады дейді мамандар.


​Арықтау үшін кептірілген нанның қай түрін жеу керек?

Кептірілген нан соншалықты құнарлы тағамға жатпайды. Дегенмен, көп жеген жағдайда салмағыңыз артып, семіріп кетуіңіз ғажап емес. Мұндайда нан пайдалы бола ма әлде зиянды ма?


Пайдалы болу үшін..

Ақ нан мен батоннан дайындалған кептірілген нандар өте пайдалы саналады. Бірақ диета үшін нанның бұл түрі өте құнарлы болмақ. Әйткенмен кез келген нанның пайдалы болатынын ұмытпайық. Мысалы:

  • Кептірілген нан ағзаға тез сіңеді. Кептіру барысында нанның құрамындағы сұйықтық азаятындықтан оны сіңіру оңай. Құрамындағы көмірсулар асқазанда сіңіріле бастайды. Осының арқасында ағза энергиямен толығып, көп тамақтануға жол бермейді.
  • Ішектерге де жағымды әсер етеді. Кептірілген нан ішті кептірмейді, керісінше ағзаны тазартады.
  • Жаңа піскен нанға қарағанда кепкен нан қарынды тоқ етеді. Себебі, жаңа піскен нанды ыстықтай көп жегеніңізбен біршама уақыттан кейін қарныңыз ашуы мүмкін. Ал кептірілген нан керісінше біраз уақытқа дейін аштықты сездірмейді.


Зиянды жағы...

Кептірілген нанды толықтай пайдалы деуге болмайды. Өйткені:

  • Тым құнарлы. Егер кепкен нанды көп жейтін болсаңыз, семіретініңіз анық.
  • Ашқарынға бір түйірін жесеңіз де ішек жұмысына кері әсерін тигізеді.
  • Кептірілген нанның құрамында түрлі қоспалар болуы мүмкін. Осындай қоспалар нанды құнарлы ете түседі. Сондықтан да кептірілген нанды да көп жеуге болмайтынын ескертеміз.


Кепкен нанның қай түрі пайдалы?

Кез келген кептірілген нан құнарлы болады. Оның осындай құнарлы не құнарсыздау болуы құрамына қосылған қоспаларға байланысты. Мысалы, қант, шоколад үгіндісі немесе мейіз тағы басқа заттар қосылса, мұндай нанның құнары өте жоғары болады. Арықтау үшін нанның бұл түрін таңдамаған дұрыс.


Кептірілген қара нан

Қара нанның басқаларына қарағанда құнары төмендеу болады. Құрамында жасұнық көбірек, ал көмірсулар аз кездеседі. Бұл арықтағысы келетіндер үшін өте пайдалы. Қоспаларсыз кептірілген қара нанның 100 грамында 335 ккал бар.


Кептірілген ақ нан

Ақ нанда қарапайым қанттар өте көп. Сол себепті де ол қандағы қант құрамының өзгеруіне алып келуі мүмкін. 100 грамм ақ нанда 400 ккал бар. Өздеріңіз байқағандай қара нанға қарағанда ақ нанның құнары көптеу. Дегенмен кептірілген ақ нанды да, қара нанды да диеталық деп есептеуге болмайды екен.


Диета кезінде жеуге бола ма?

Арықтағысы келетіндер үшін кептірілген нан таптырмас ас бола алмайды. Өйткені оның құнары жаңа піскен наннан сәл ғана төмен. Бірақ, бұл диета кезінде кептірілген нанды қолдануға болмайды деген сөз емес. Диетологтар кептірілген нанды тіскебасар орнына жеуге болатынын айтады. Тек тағам құнарын есептеп жейтін болсаңыз ғана кептірілген нанды тамақтану рационыңызға қосыңыз. Әсіресе қара наның 1-2 данасы 1-2 сағатқа дейін қарынның ашпауына көмектесетінін есте ұстаңыз.


Нанды кептіру тәсілдері

Өзіңіз үй жағдайында кепкен нан дайындағыңыз келсе, нанның құрамын анықтап алыңыз. Содан кейін ғана өз қалауыңызбен, қуыру барысын қадағалап дайындай берсеңіз болады. Бұл ретте дәміне қарай қосылатын тұз бен дәмдеуіштердің көлемін ескеру керек. Егер пайдалы болғанын қаласаңыз, тұз бен дәмдеуіштің орнына пияз, аскөк, жаңғақ пен пісте қосыңыз. Бірақ ең пайдалы деген қоспалардың өзі тым құнарлы болатынын ұмытпаған абзал.

Ең алдымен нанды ұзыншалап немесе төртбұрышты қалыпта турап аламыз. Нанның көлеміне қарай қуырылу процесі де қысқа не ұзақ болуы мүмкін. Қуырудың бірнеше тәсілі бар:

  1. Табада қуыру. Энергетикалық құндылығын төмендету үшін май қоспай қуырған дұрыс. Егер тамақтану рационыңызға құнарлылығы сәйкес келетін болса, азырақ майға қуырып, пияз, сарымсақты қуырып алып, содан соң нанды саласыз. Тоқтаусыз қозғай отырып, нан біркелкі қуырылуы керек.
  2. Пеште кептіру. Ең төменгі температурасына қойып, нанды кептіріп аласыз. Арасында 2-3 рет арпаластырсаңыз болғаны.
  3. Күнге кептіру. Туралған нанды күн көзі түсіп тұрған жерге жайып, кептіріп аласыз. Кептірудің мұндай түріне көп уақыт кетеді.


5 күндік диета

Тез арықтаймын деп шешім қабылдаған болсаңыз, бөксе мен қарындағы майды кетіретін бұл диета сіз үшін өте пайдалы болмақ. Бес күндік аталмыш диета мәзірінде кептірілген нан мен шай бар. Осылайша сіз 5 күн ішінде 5 келі салмақтан арыла аласыз. Ендеше диета мәзірімен таныс болайық.

  • Таңғы асқа 2 тілім кептірілген нан мен 1 стақан көк шай ішесіз.
  • Түскі ас кезінде тауық еті, қызанақ пен қияр қосылған аз көлемдегі салат жеуге болады. Көкөністерден дайындалған сорпа ішсеңіз де артықтық етпейді. Бірақ картоп қосуға болмайды.
  • Кешкілік уақытта 2 тілім кептірілген нан мен 1 стақан шай ішіп, 1 дана жеміс жейсіз.
  • Күні бойы 1,5 л газсыз су ішу керек.
  • Міне, бес күн бойы осы мәзір бойынша тамақтанатын болсаңыз, міндетті түрде 4-5 келі салмақ тастайсыз.


1 күндік айран мен нан диетасы


Егер сізге жылдам арықтау қажет болса осындай бір күндік қатал диета түрін пайдалансаңыз да болады. Алайда айран мен кептірілген наннан құралған диетаның да өзіндік шарттары бар. Сол шарттарды дұрыс орындап, тек берілген тағамдарды ғана тұтынатын болсаңыз, діттеген мақсатыңызға жетесіз.

  • Күніне 1,5 л қышқыл сүт өнімін ішесіз. 300 гр. кептірілген нан және 1,5-2 л таза су ішесіз.
  • Айранның орнына құнары төмен йогурт ішуге болады.
  • Аталмыш диетаны 7 күнге дейін жалғастыруға болады дейді диетологтар. Нәтижесінде 3-4 келі артық майдан арыласыз.
  • Алғашқы күндері ішіңіз өтіп, жайсыздық тудыруы мүмкін. Мұндайда дәрі ішудің қажеті жоқ. Ағзаңыз диета мәзіріне үйренгеннен кейін ішек жұмыстары да қалыпқа келеді.
  • Диетаның бұл түрін тек 2 айдан кейін ғана қайталауға болатынын ескертеміз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Қандай ГОРМОН жетіспесе адам СЕМІРІП кетеді?


Арықтау үшін май жемеу керек пе?


Тағам ҚҰНАРЫН азайтуға көмектесетін ҚАРАПАЙЫМ тәсілдер