​Сәресі асқа қайнатылған ет пен көкөніс жеген пайдалы

0
7 336

Рамазан – жан мен тәнді тазартатын уақыт.


​Сәресі асқа қайнатылған ет пен көкөніс жеген пайдалы

Рамазан айы – денсаулыққа зиянды тағамдардан бас тартып, дұрыс тамақтануды қолға алатын уақыт. Себебі қуырылған, майлы тағамдар жүрек қан тамырларын бітеп, инсульт, атеросклероз ауруларына шалдықтыруы мүмкін. Сонымен қатар, жүрек талмасы, қан қысымының көтерілуі де ғажап емес. Мұның барлығы да өсімдік майына қуырылған тағамды тұтынғаннан туындайды. Себебі мұндай тағамдардың сіңірілуі өте қиын. Сондықтан да етті, балықты, көкөністерді тек қайнатып, буға пісіріп жеген пайдалы. Әйтпесе күні бойы ерніңіз кезеріп, шөлге шыдай алмай қалуыңыз мүмкін.

Ораза ұстайтын жандар тұзды тағамдардан да бас тартқаны абзал. Сонымен қатар, дәмдеуіштер мен бұрыштар да тез шөлдетіп, асқазанды тітіркендіреді.

Тез дайындалатын тағамдарды ауызашарға мүлде дайындамаған дұрыс. Өйткені оның құнары 1-2 сағатқа ғана жетеді. Ұйықтар алдында қарныңыз ашып, басқа ауыр тағамдарды жеп қоясыз. Бұл жағдай бауыр мен ұйқы безінің жұмысына ауырлық түсіріп, зиянын тигізеді. Ауызашар мен ұйқыға жатар аралықта молынан су ішіп, сұйықтық балансын қалыпқа келтіріп алыңыз. Судың орнына түрлі шайлар, балғын шырындар, морс пен нәрсуларды ішуге болады.


Рамазан – жан мен тәнді тазартатын уақыт



Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Расында Адам баласы асқазанынан асқан ең жаман ыдысты толтырған емес! Бойына күш-қуат жинау үшін оған аз ғана тамақтың өзі жеткілікті, ал егер одан көп тамақ жеу қажеттілігі туындаса, асқазанының үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және тағы үштен бірін еркін тыныс алуға арнасын" (Әт-Тирмизи, 2380) - деп айтқан. Сол себепті де рамазан айында жан мен тәнді тазартуды қолға алайық. Жанды тазарту үшін барынша Аллаға мінәжат етіп, дұға тілеп, рухани баюдың амалдарын жасаңыз. Ал, тәнді тазартқыңыз келсе, дұрыс тамақтануды қолға алыңыз. Әсіресе ауызашарға алдымен құрма жеген аса пайдалы. Оның құрамында нәрлі заттар мен глюкоза бар. Құрма жегеннен кейін күні бойы әлсіреген ағза тез қалыпқа келеді екен. Көптеген жемістердің аты Құранда айтылған. Тіпті, бұл жемістердің жәннатта да болатыны айтылады. Мысалы, банан, құрма, інжір, анар сынды жемістерді атауға болады.


  • Оразаны құрмамен, сумен ашқаннан кейін, бірден ыстық тамаққа бас салмай, алдымен жеміс салатын жеу керек дейді мамандар. Жеміс салатының орнына шырын немесе коктейль ішуге болады. Егер сіз жемісті өз қолыңызбен сығатын болсаңыз, одан коктейль жасауға тырысыңыз. Себебі коктейльде жасұнық, тағамдық талшықтар жақсы сақталады. Бұл заттар асқорытуды жақсартып, ағзадан зиянды заттарды шығарады.

  • Жемістер көкөністерге және басқа да тағамдарға қарағанда тез қорытылады. Оразадан кейінгі уақытта күш-жігеріміздің қалпына келуіне көмектеседі. Егер мүмкіндік болып жатса банан бен бал, лимон қосылған коктейль дайындаған дұрыс. Банан өте құнды магний, фосфор, В тобындағы дәрумендерге бай жемістердің бірі.

  • Коктейльді түрлі жемістерден дайындайтын болсаңыз, оған жаңғақ немесе сүт қоссаңыз дәмі кіре түседі. Осындай жеңіл астан соң Ақшам намазын оқысаңыз болады.

  • Ал, намаздан соң ағза көкөністерді қажет етеді. Яғни, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, салат жапырағы қосылған салат өте жақсы тағам бола алады. Салатпен бірге көкөністерден дайындалған сорпа ішкен абзал. Болмаса көкөністерден пісірме дайындауға, буға пісіруге әбден болады. Сонымен қатар, ас мәзіріне қара, қоңыр, қызыл түсті күріштен дайындалған тағамдарды, макарон өнімдерін қоссаңыз да артықтық етпейді.

  • Рамазан айы – пайдалы майды тұтынатын таптырмас уақыт. Әсіресе зәйтүн майын ерекше атап өтуге болады. Бұл май Құранда да келтіріледі. Зәйтүн майын салатқа қосуға да, тағам әзірлегенде пайдалануға да болады. Себебі пайдалы май мидың жұмысын жақсартып, буындардың қозғалысын арттырады.

  • Тамақтанып болған соң көп мөлшерде су ішуді ұмытпаңыз.


Сәресі асқа ақуызға бай тағам дайындаңыз!

Сәресі асына ет пен көкөністер жақсы азық болады. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенер болсақ, ақуызға бай тағамдар күш-қуат беріп, адамның энергиясын молайта түседі екен. Бірақ та сәресі асқа кешегі күннен қалған тамақты жеуге кеңес бермейміз. Лажы болса, барлығын жаңадан дайындап, ішуге тырысыңыз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Мына тағамдар бауыр жұмысын жақсартады


Сізге диетолог қажет пе?


20 келі салмақ тастаған ресейлік актриса арықтаудың 5 ережесін ұсынады