«Ордабасы» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Елдар Бақтығалиев Оңтүстік Қазақстан облысындағы алты аудан әкімінен млн теңгеден ақша алды деген күдікпен сот алдына келді, деп хабарлайды prosports.kz-ке сілтеме жасап ERNUR.KZ.
фото: prosports.kz
«Ордабасы» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Елдар Бақтығалиев Оңтүстік Қазақстан облысындағы алты аудан әкімінен бір миллион. теңгеден ақша алды деген күдікпен сот алдына келді, деп хабарлайды prosports.kz-ке сілтеме жасап ERNUR.KZ.
Шымкенттік «Ордабасының» бұрынғы жартылай қорғаушысы Елдар Бақтығалиев алаяқтық жолмен қайырымдылық үшін деп үлкен көлемде қаржы жинаған деп айыпталып жатыр.
Бүгінгі сот отырысында ол аудан әкімдері, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың басшыларын алдағаны анықталды. Бұл істе 12 қылмыстық оқиға мен 11 жәбірленуші бар.
Сондай-ақ, жәбірленушілердің ішінде «Ордабасы» футбол клубының президенті де бар болып шықты. Ол Бақтығалиевке сеніп, қайырымдылық қорына 1,5 миллион теңге берген. Ал футболшы мұның бәрін өз қажетіне жұмсаған. Оған тап болған әр клиент қайырымдылыққа деп 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін ақша беріпті.
Сот алдағы екі аптаның ішінде жәбірленушілердің бәріне ақшаны қайтарып беруді талап етті.
Ақпарат ретінде айта кетейік, футболшыға қатысты бұл іс ағымдағы жылдың ақпан айының басында белгілі болды. Әл-Фараби аудандық сотындағылардың айтуынша, алаяқтық қылмысын жасады деп қамауға алынған күдікті бұған дейін де алаяқтық қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған екен. Сот барысында анықталғандай, 25 жастағы жігіт бұл әрекетке алдын ала дайындалып барыпты. Ашық ақпарат көздері мен мемлекеттік органдардың сайтынан аудан әкімдерінің аты-жөндерін, сол аудандардың ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін әбден зерттеп алған ол Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты алты аудан әкіміне хабарласып, өзін «Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қызметкерімін» деп таныстырады. Сөйтіп қайырымдылық шараға деп олардың әрқайсысынан қомақты қаржы алған. Тергеу барысында белгілі болғандай, алты әкімнің соңғысы облыс әкімдігіне хабарласып, мән-жайды анықтамақ болған сәтте күдіктінің алаяқтық әрекеті әшкере болады. Айтпақшы, күдікті Бақтығалиевтің отбасы: әйелі мен екі баласы Өскеменде тұрады.