Тараз маңындағы жарылыстан көз жұмған полковник Аймановқа арнап мурал салынды

0
1 033

Мейіржан Аймановтың артында бес баласы мен жұбайы қалды. Ол өмірінің басым бөлігін өрт сөндіру қызметіне арнаған.


Тараз маңындағы жарылыстан көз жұмған полковник Аймановқа арнап мурал салынды

ERNUR.KZ. Көкшетауда құтқарушылар күніне орай қазақстандық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне арналған жаңа мурал салынды, деп жазады sputnik.kz.

Ғимарат қабырғасына Тараз маңындағы оқ-дәрі қоймасының жарылуы кезінде көз жұмған қазақстандық құтқарушы – Жамбыл облысы ТЖ департаменті "Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі" ММ басшысының орынбасары Мейіржан Аймановтың портреті бейнеленді.

Арт-нысан Абылай хан даңғылының бойындағы 9 қабатты үйдің қабырғасында орналасқан.

"Құтқарушы жұмысы өте қауіпті. Олар басқалардың өмірі үшін өз бастарын қатерге тігеді, олар қорқыныштың не екенін білмейді. Бізде барлық мүмкіндік пен күш-жігерді пайдаланып, өзгелерді құтқару деген борыш бар. Бүгінде облыста 1 377 өрт сөндіруші-құтқарушы бар. Әкімдікке қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын", - деді Ақмола облысы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев.

Мейіржан Аймановтың артында бес баласы мен жұбайы қалды. Ол өмірінің басым бөлігін өрт сөндіру қызметіне арнаған. Полковник үй салып, балаларын спортқа баулып өсіруді арман еткен.

Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Жамбыл облысындағы қойма жарылысы кезінде қаза тапқандарға арнап Петропавлда да мурал пайда болды.

Жамбылдағы жарылыс

26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Төтенше жағдайдан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Оның ішінде оны – азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, алтауы – қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және бір әскери прокурор.

Жарылыстан 122 жылжымайтын мүлік, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысан қираған.

Облыс әкімдігінің қыркүйектегі ақпаратына сәйкес, сол уақытқа дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған. Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады.