«Дұрыс тамақтанып, күнделікті жаттығу жасаймын. Бірақ еш арықтамаймын» десеңіз, салмақ тастамауыңыздың басқа себептері болуы мүмкін.
Иә, иә, себептері бар. Арықтау кезінде кейде болмашы нәрсенің өзі айтарлықтай әсер етіп, семіздіктен арылмауға кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан да өзіңіздің әрекеттеріңізді ой елегінен өткізіп, мына себептердің қайсысы сіздің арықтамауыңызға кедергі келтіріп тұрғанын анықтап көріңіз. Мүмкін, шынында да осылардың бірін дұрыстасаңыз нәтижеге қол жеткізіп қаларсыз.
Бірінші себеп: калорияны азайтпаған боларсыз
Үнемі жаттығумен айналысып, калорияны жойып жүрген боларсыз. Алайда кейде осыны пайдаланып, тағам көлемін де көбейтіп алатынымызды байқамай қаламыз. Ал, салмақ калория азайғанда ғана төмен түседі. Мұндай қыз-келіншектер бүгінгі жеген тағам калориясын ертеңгі физикалық жаттығумен шығарып алатынына сенеді.
Не істеу керек?
Калория азаймаған соң, арықтау процесі де жүрмейді. Энергияңыз барынша сарқылған соң, оның орнын қайта толтырасыз. Сол себепті де тамақтану рационыңызға көңіл бөліп, көлемін азайтуға тырысыңыз.
Екінші себеп: аз қимылдау
Сіз күні бойы компьютер алдында отырасыз ба? Егер уақытылы спортзалға барып, жаттығумен айналысып жүрсеңіз де, басқа уақыттарда бір орында отыратын болсаңыз, бұл аз қимылдауға жатады.
Не істеу керек?
Арықтауды мақсат тұтқандарға аптасына 2-3 рет жаттығу залына бару жеткіліксіз. Ендеше арықтағыңыз келсе, жаттығумен қоса, күнделікті таза ауада серуендеуді қолға алыңыз. Жұмыс үстелінде отыра бермей, арасында қимылдауды да ұмытпау керек.
Үшінші себеп: бұлшықет массасының артуы
Былайша дұрыс тамақтанып, жаттығу жасап жүргендейсіз. Алайда салмағыңыз бір орыннан жылжымай тұрып қалды. Мұндайда тек салмаққа ғана емес, дене көлеміне де мән беру керек. Егер бұлшықет массасы артатын болса, салмақ тастамайсыз.
Не істеу керек?
Енді сіз тек салмағыңыздың түскен-түспегеніне емес, көлеміңізге де зер салып қойыңыз. Көлем кішірейсе, сіздің әрекеттеріңіздің бәрі дұрыс деп есептеңіз.
Төртінші себеп: калорияның тым аз болуы
Егер сіз тағам құнарлылығын тым азайтып тастасаңыз да бұл дұрыс әрекет емес екенін есте ұстаңыз. Өйткені мұндай жағдайда сіз үнемі тамақты ойлап, стрестік жағдайға дейін жетесіз.
Не істеу керек?
Ағзаға қажетті калорияны дұрыс есептеу қажет. Себебі нәтижесінде зат алмасу жұмысы бұзылып, салмақ тастау да болмайды. Сондықтан да тамақтану рационына мән беріп, ақуызды көбейткеніңіз дұрыс. Сонымен қатар, көкөністер мен жеміс-жидектерді пайдалануды да ұмытпауға кеңес береміз.
Бесінші себеп: тамақтану уақытының дұрыс болмауы
Халық арасында «ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама» деген мақал бар. Алайда бұл бір күнге қажетті калорияны түске дейін жеп алып, кешкілік ештеңе жеме деген сөз емес. Бұл әрекеттің түбі нәтижеге жеткізбейді.
Жиі-жиі әрі аз-аздан тамақтануды қолға алыңыз. Әсіресе күніне 5-6 рет тамақтанғаныңыз дұрыс. Сонда ағза стреске түспейді.
Алтыншы себеп: аз ұйықтап, көп жүйкеңізді жұқартасыз
Жұмысыңызға алаңдап, көп стреске салынып, жүйкеңізді жұқартып жүрсіз бе? Сонымен қатар, тамақтануға онша көңіл бөлмей, кейбір кезде түскі не кешкі асты ішпеуіңіз де ғажап емес. Бұдан бөлек, стрестің әсерінен көп тамақтанып қоюыңыз да мүмкін. Осындай нәрселердің әсерінен ұйқыңыз бұзылып, түнімен дөңбекшіп шығасыз. Міне, осындай келеңсіздіктер зат алмасу жүйесінің жұмысын бұзып, ағзаға кері әсерін тигізеді. Ал, нәтижесінде салмақ бір орыннан жылжымай қалады.
Не істеу керек?
Күніңізді дұрыс жоспарлаңыз. Уақытылы ұйқыға жатып, күнделікті бір уақытта осыны қайталауға әдеттену керек. Ең дұрысы стресті төмендететін тыныс алу жаттығуларын жасаңыз. Егер өзіңіздің қолыңыздан келмесе маманның көмегіне жүгініңіз.
Жетінші себеп: әділетсіз болып жүрсіз
Күн сайын жеген таңғы, түскі, кешкі асты дұрыс есептемей, тіпті, бесін асқа 1-2 күлше жесеңіз оны да ұмытып кетуіңіз мүмкін. Сондай-ақ, басқа да тістеген, «күйсегендеріміз» бен дәм ауыз тигендерімізді естен шығарамыз. Сөйтіп кешке өз-өзімізге есеп бергенде мұның бәрін ұмытамыз.
Не істеу керек?
Ендеше бұл тығырықтан шығу үшін ішкен-жегенді жазып отыратын күнделік арнаңыз. Ең дұрысы мұны телефоныңызға жазып отырыңыз. Не нәрсе жесеңіз де барлығын сол мезетте жазу керек. Сонда ғана қанша калория тұтынғаныңыз белгілі болады.
Сегізінші себеп: суды аз ішу
Жаңа сығылған жеміс шырынын, көк және қарай шай ішіп күнделікті судың мөлшерін толықтырдым деп ойлайтын шығарсыз. Егер осылай ойласаңыз қатты қателесесіз. Алайда, кәдімгі қарапайым су ғана зат алмасу жұмысына әсер етіп, арықтауға себеп болады. Қалған сұйықтықтың бәрін тамақ орнына қоссаңыз болады. Диетологтар да суды көп ішкен пайдалы деп жатады емес пе?
Не істеу керек?
Суды көп ішу кейбіреулердің қолынан келмей жатады. Алайда арықтаудағы ең оңай әдістердің бірі де осы.Ол үшін суды таңғы астан 20 минут бұрын ішіңіз. Бірақ тамақтанып бола сала су ішпегеніңіз абзал. Бір тәулікте 2 литрден кем су ішуге болмайды. Тек газдалмаған, таза су болғаны дұрыс. Осындай жағдайда ғана артық майдан арылу мүмкіндігіне ие боласыз.
Тоғызыншы себеп: ағзаңыз үйреніп қалады
Сіз өзіңіз армандаған салмаққа жетейін деп қалдыңыз делік. Алайда ағзаңыз ары қарай артық майдан арылғысы келмей, жылжымай тұрып қалды. Алайда сіз тамақтануға да, жаттығуға да бұрынғыша мән бересіз. Мұның бәріне ағзаның осындай жағдайға үйреніп қалуы себеп болуы мүмкін.
Не істеу керек?
Тек сабырлылық танытып, шыдамды болыңыз. Ең маңыздысы жаттығуды арттырып, кейбір күндерді тек айран ішумен немесе жеміс жеумен өткізіңіз.
Оныншы себеп: кейбір аурулар
Арықтау мәселесінде тек тамақтану мен жаттығу жасасам болды деп ойлау қате түсінік. Ағза бір болған соң ондағы кейбір аурулар да салмақ жоғалтуға қарсы тұруы ғажап емес. Мұндай аурулар бар. Мысалы, гипотериоз, қант диабеті және тағы басқа аурулар.
Не істеу керек?
Дәрігердің қабылдауына жазылып, қандағы қант мөлшерін, қалқанша безіндегі гормондарды тексеріп көріңіз. Қандай да бір денсаулықтағы кінәрат анықталса еш қамықпастан емделіп алыңыз. Денсаулықты нығайтып алып, артық салмақпен күресуге қайта кірісесіз.
Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,
Тағы да оқыңыз:
1 аптада 5 келі майды ерітетін диета
БОТҚА ДИЕТАСЫ 7-10 келі артық салмақтан арылтады