Бойыңызды мазасыздық пен қорқыныш билеп алды ма? Одан құлтылудың оңай жолы бар. Жаттығу жасап, бел бұлшықетін босаңсытыңыз.
Егер сіз қорықсаңыз немесе стреске түссеңіз бел бұлшықеттері қысыла бастайды. Мұндай сәттер жиі қайталанса, бұлшықеттер тығыздалып, одан әрі қысылады. Ал бір орында тапжылмай жұмыс істейтін болсаңыз, аяқ киіміңіз немесе киіміңіз тар болса, тағы да басқа жағымсыз жағдайлар орын алса, стресс жағдайы күшейе түседі. Бел бұлшықеттеріне артық салмақ салудың соңы арқа мен белдегі аурулар, тізе мен мықындағы аурулар, ас қорытудағы ауырлықтар мен тыныс алудағы қиындықтарға ұласады.
Бел бұлшықеті неге маңызды?
Бел бұлшықеті ‒ біздің денеміздегі ең маңызды бұлшықеттердің бірі. Бұл бұлшықет болмаса біздің төсектен тұруымыз да мүмкін емес. Сіз жүгірген кезде, велосипед айдағанда, не болмаса жай диванда жатсаңыз да осы бұлшықеттің әсері бар. Өйткені бұл кеуде мен аяқты жалғап тұрған басты бұлшықет. Ол сіздің дене мүсініңізге, буындарыңыздың қозғалысына және ішкі ағзаларыңыздың дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етіп, омыртқаны мықты ететін «тірек».
Әлсіз бел бұлшықеті жанындағы бұлшықеттерге де салмақ салады. Сонымен қатар, қысылған бел бұлшықеттері сіздің денеңіздегі көптеген ауырсынулардың себебі болуы мүмкін.
Дәстүрлі медицинаның жілігін шағып, майын ішкен шығыс халықтары бұрыннан бел бұлшықетін «жан бұлшықеті» деп атаған. Себебі олар бел бұлшықетінің орталық жүйке жүйесімен байланысты екенін жақсы білген. Диафрагмамен қатысы бар болғандықтан бұл бұлшықеттер тыныс алу қызметінде де үлкен рөл ойнайды. Бел бұлшықеттері мен диафрагманың байланысы сіздің жүрісіңіздің, тыныс алуыңыздың, сондай-ақ, қобалжу мен қорқу сезімдерінің жағдайын анықтап береді.
Бел бұлшықеттері біздің денемізге ғана емес, эмоциямызға, өмірден ләззат алуымызға, жеке қарым-қатынасымызға да әсер етеді екен. Бұл бұлшықеттердің қысылуы үрейлену мен мазасыз жүруге себеп екенін айттық. Ал осындай сәттерде бұлшықеттеріңізді босаңсыту арқылы қорқыныштан, басқа да жағымсыз эмоциядан арылуға болады. «Жан бұлшықеті» неғұрлым күштірек болса, энергия көзі сіздің ағзаңызға оңай келеді.Денсаулықтың физикалық әрі эмоционалдық тұрғыда мықты болуы үшін дәл осы бұлшықеттерге ерекше мән беру керектігі де осыдан болса керек.
Бел бұлшықеті қысылуының қандай белгілері бар?
Бел бұлшықеттері ең терең бұлшықет болып саналады. Олар 12 кеуде омыртқасына және 5 бел омыртқасына жамбас арқылы жалғасады. Бұл омыртқа мен аяқты жалғап тұрған жалғыз бұлшықет.
Бел бұлшықетінің қысылуының бірнеше белгілері бар.
Аяқ ұзындығының айырмашылығы
Қысылған бел бұлшықеттері жамбасты сәл алға қарай айналдырып, соның салдарынан бір аяқ ішкі өсе бастайды. Ал екінші аяқ керісінше сыртқа айналады. Бұл уақыт өте келе бір аяқтың екінші аяқтан ұзын болуына әсер етеді.
Арқа, бел мен тізенің ауруы
Егер сізде еш себепсіз беліңіз, арқаңыз немесе тізеңіз қақсап ауыра берсе, бұл бел аймағындағы бұлшықеттердің шамадан тыс қысылуынан болуы мүмкін.
Дене сымбатының бұзылуы
Бел бұлшықеттері тым қысқа немесе тығыз болған кезде ол жамбасты алға қарай итеріп, омыртқаны қысып, артқы жағын тартып алады. Нәтижесінде бел майысып кетеді. Егер бұлшықеттер тым созылған және әлсіз болса, онда бұл бел омыртқасы «жалпақ бөксеге» айналды. Бұл бел аймағында, әсіресе омыртқааралық дискілерде жарақат алу қаупін арттырады.
Дәреттегі қиындықтар
Қысылған бел бұлшықеті іш қатуды тудыруы мүмкін. Бел омыртқа нервтері мен қан тамырларының үлкен тобы бел бұлшықеттері арқылы және оның айналасы арқылы өтеді. Осы себептен де шамадан тыс қысым жамбас мүшелері мен аяқтағы қан ағымына және жүйке импульстарына кедергі келтіреді. Сонымен қатар, бұлшықет тым тығыз болған кезде ішкі органдар арасындағы қашықтық қысқарады және бұл тағамның сіңуіне және бөлінуіне әсер етеді.
Етеккір кезіндегі іштің құрысуы
Бел бұлшықеттерінің дұрыс болмауы әйелдің репродуктивті ағзасына да әсер етеді. Осыған байланысты етеккір келген кезде әйелдерде ауырсынулар орын алады.
Бел бұлшықетін босаңсытуға арналған жаттығулар
Егер сіз бел бұлшықеттерін нығайтып, иілгіш ете түскіңіз келсе, мына жаттығулардың көмегі тиеді.
Әр жаттығуды аяқты кезек-кезегімен қайталай отырып жасаңыз. Күнделікті таңертең жаттығу жасап тұруды әдетке айналдыратын болсаңыз, нәтижесі де керемет болады.
Алға ұмтылу (выпады)
Тік тұрыңыз, аяқтарыңыз иық деңгейінде ашық тұрсын
Іш бұлшықеттерін тартыңыз.
Оң аяқпен алға қадам басыңыз.
Сол тізеңізді еденге түсіріңіз де, сол аяғыңыз түзу болатындай етіп артқа тартыңыз.
Қолыңызды оң тізеңізге қойып, осы қалыпта бірнеше секунд тұрыңыз.
Баяу көтеріліп, бастапқы қалыпқа оралыңыз және осы жаттығуды екінші аяғыңызбен жасаңыз.
Омыртқаны созу
Тегіс жерге кілемше төсеп, шалқалап жатыңыз.
Қолдарыңызды екі жаққа қарай созыңыз, қолдарыңыз еденге тиіп тұрсын.
Оң тізеңізді сол тізеңізге қарай тартыңыз, жамбасыңызды бұрыңыз және еденге қарай тартыңыз. Сол аяғыңызды бүкпеңіз.
Осы күйде бірнеше секунд тұрып, аяқтарыңызды бастапқы қалыпқа түсіріңіз.
Тізені кеудеге қарай тарту
Кілемшеге жатыңыз.
Оң тізеңізді көкірегіңізге жеткізіп, екі қолыңызбен ұстаңыз. Жеңіл қысым жасап, оны жақындатыңыз.
Сол аяғыңызды еденнен көтермеңіз.
Осы қалыпта бірнеше секунд тұрып, екінші аяқпен қайталаңыз.
Бел бұлшықеттерін нығайтуға арналған кеңестер
Бір орында ұзақ уақыт отырмаңыз
Егер сізге жұмыс барысы бойынша ұзақ уақыт орындыққа отыруға тура келсе, онда арқаңызды тік ұстаңыз. Тіпті жамбас астына бүктелген сүлгіні қоюға болады. Арқасында тіреуіші жоқ орындықтарға отырмауға тырысыңыз. Автокөлік орындығына да тірейтін зат қойыңыз. Жамбас сүйегінің астына немесе бел омыртқа тұсына сүлгі қойып алыңыз. Алыс сапарларға шығатын болсаңыз, 3 сағат сайын 10 минуттай аялдап, жерге түсіп жүріңіз.
Массаж жасаңыз
Кәсіби массаж қысылған бұлшықеттерді қалпына келтіруге көмектеседі. Мұндай массаж түрлері сізге ұнаумауы мүмкін. Алайда оның бұлшықетке пайдасы зор. Сонымен қатар, тұрақты түрде созылу жаттығуын жасау және йога бұлшықеттердің тепе-теңдігін сақтайды.
Стрестен аулақ болыңыз
Біз стрессті денемізде жинаймыз. Бел бұлшықеттерге кері әсер етіп қана қомай, психикалық жағдайға да зиян тигізеді. Сол үшін стрестен күн сайын арылып отырыңыз. Жиі серуендеңіз, тыныштандыратын ванна қабылдаңыз. Өзіңізге ұнайтын іспен шұғылданыңыз. Сонда ғана жаныңыз рахаттанады, бұлшықеттеріңіз де қиналмайды.
(Сурет ашық дереккөздерден алынды)
Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,
Тағы да оқыңыз:
МЫНА жаттығумен САН 10 күнде АРЫҚТАЙДЫ
Кесарь тілігі: Ота арқылы босанған соң фитнеспен шұғылдануға бола ма?