Байзақтағы жарылыс: қорғаныс министрлігі төрт адамнан 23 млрд теңге даулап алатын болды

0
266

Шымкент соты министрліктің талабын қанағаттандырды


Байзақтағы жарылыс: қорғаныс министрлігі төрт адамнан 23 млрд теңге даулап алатын болды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қорғаныс министрлігінің өтінішін қанағаттандырып, төрт әскериден 23,7 млрд теңге залал өндіріп беретін болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сот оқиғаның бэкграундын былай баяндаған:

«2021 жылдың 26 тамызында сағат 18:40 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар жол торабында орналасқан қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының бірінен өрт шығып, ол жарылысқа әкеп соқтырды. Соның салдарынан 18 адам қаза тапты».

Соттың мәліметіне сүйенсек, осы жарылыстан бірнеше адам зардап шегіп, сондай-ақ мемлекет пен жеке тұлғаларға аса ірі мөлшерде залал келген.

«Қорғаныс министрлігі сотқа берген төрт адамның кінәсін Шымкент гарнизонының әскери соты 2023 жылғы 20 қазанында және Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 13 наурызда дәлелдеген», - деп жазған Шымкент соты.

Осылайша, сот төрт адамнан қорғаныс министрлігінің пайдасына 23 764 530 881 теңге өндіру туралы шешім шығарған. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімшесінің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 адам қаза тапқан. Тағы 82 адам жараланған болатын. Осы оқиғадан кейін жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшкен.

Бұл іс бойынша 250-ден астам адам жәбірленуші ретінде танылған. Бірақ жараланғандар мен мүлкі бүлінгендер осыған дейінгі сот отырыстарында жарылысқа төрт сарбаз кінәлі дегенге сенімсіздік танытқан.