Жамбылдағы жарылыс: Министірлік жоғалған сарбазды іздеу жұмыстарының қайта жалғасатынын айтты

0
965

Қорғаныс министрлігі қыстың түскеніне байланысты Жамбыл облысындағы жарылыстар кезінде із-түссіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевты іздеуді тоқтатқан еді.


Жамбылдағы жарылыс: Министірлік жоғалған сарбазды іздеу жұмыстарының қайта жалғасатынын айтты

ERNUR.KZ. Көктем басталысымен қорғаныс ведомствосы іздеу жұмыстарын қайта жалғастыруды жоспарлап отыр, деп жазады Stan.kz.

"Қауіпсіздік талаптарына сәйкес 2021 жылдың тамыз айында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстар кезінде хабарсыз кеткен әскери қызметші сержант Дауытбаев Бауыржан Талғатұлын іздеу қысқы мезгілде әскери бөлім аумағында тоқтатылды. Аумақты тазалау және із-түзсіз жоғалған әскери қызметшіні іздеу шаралары көктемнің келуімен қайта жалғасады", – деп жауап берді қорғаныс министрлігі.

Жарылыс кезінде қаза тапқандардың отбасыларына мынадай көлемде өтемақы төленді:

- қаза тапқан әскери қызметшілерге біржолғы өтемақы (біржолғы тұрғын үй төлемі) – 60 960 000 теңге (5 адам);

- қаза тапқан әскери қызметшілерді жерлеуге кеткен шығындарды өтеу – 1 166 700 теңге (5 адам);

-әскери қызметшілер қайтыс болуына байланысты бес жылдық ақшалай жәрдемақы мөлшерінде біржолғы өтемақы – 52 417 800 теңге (5 адам).

"Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің 36 әскери қызметкері мен 4 қызметкері зардап шекті. 6 адам қаза тапты, оның ішінде 5 әскери қызметкер және 1 азаматтық персонал өкілі. Іс-түссіз жоғалғандар тізімінде 1 әскери қызметші – сержант Дәуітбаев", – деп атап өтті министрлік.

Жамбылдағы жарылыс

2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, бірнеше жарылыс болды. Оқиға салдарынан 17 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алған. Әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаев хабарсыз кеткендер тізімінде. Оның денесі әлі табылған жоқ. Осыған байланысты отбасы әлі күнге дейін тиісті төлемдерді ала алмай отыр. Сержанттың артында төрт баласы және ол уақытта аяғы ауыр болған әйелі қалған.