Байзақтағы 24 үй толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді

0
858

Қайнар ауылындағы жұмыстардың барысымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалпына келтірілген үйлерді аралап, тұрғындардың ой-пікірін тыңдады.


Байзақтағы 24 үй толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді

ERNUR.KZ. Байзақ ауданында зардап шеккен 35 үйдің 24-і толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Оның төртеуі Үшбұлақ, 12-сі Жібек Жолы, сегізі Қайнар ауылында. Қалған 11 үйдегі жұмыстар қараша айында аяқталады, деп жазады Tengrinews.kz.

Қайнар ауылындағы жұмыстардың барысымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалпына келтірілген үйлерді аралап, тұрғындардың ой-пікірін тыңдады.

Бірлік көшесінің тұрғыны Ержан Айдарқұлов баспанасының бұрынғыдан да жақсарғанын жеткізді.

"Сол күнгі оқиғадан үйіміз қатты бүлінген еді. Үй мен қора-жайдың 50 пайызы қирап қалған болатын. Жарылыстан кейінгі үшінші күні құрылысшылар келіп, үйімізді қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Бүгін міне, баспанамызға қайта оралып отырмыз. Шынымызды айтсақ, қуанышымызда шек жоқ. Үйдің ішіне таза ауыз су кіріп тұр. Бұрын қаржымыз болмай көгілдір отынға қосыла алмап едік. Оны да кіргізіп берді. Қора-қопсымызды реттеп, шарбағымызды қоршап берді. Басымызға түскен қиын сәтте қолдау көрсеткен халыққа, мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз", - дейді үй иесі.

Амангелді Нәдірбеков пен Асхат Мәмбетов те үйлерінің жаңарғанын айтып, ризашылықтарын жеткізді.

Бүгінде 12 кәсіпкерлік нысанның үшеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастаған. 9 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Жөндеу жұмыстары жүргізілген үйдің барлығы бір сәулеттік үлгіге келтірілген. Қас беті сарғыш, іргетасы қызыл түспен боялып, шатыры қызыл жабынмен жабылған.

Қайнар ауылындағы көшелер толық жарықтандырылды. Электр желісі мен бағаналары жаңартылған. Асфальт жабыны бұрын орталық көшеде ғана болса, енді барлық көше асфальтталады.

Облыс әкімі барынша әлеуметтік қолдауды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осы тұрғыда ауылдағы әлеуметтік төмен топтағы отбасыларын газбен қамту жұмыстары жүзеге асып жатыр. Толығымен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Әлеуметтік көмек ретінде біздің тарапымыздан зардап шеккен әр отбасыға 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілді. Әр оқушы балаға 50 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар, "Сенім Байзақ" қорына түскен қаржы есебінен тұрғындардың қора-қопсысы қайта қалпына келтірілді, - деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Құрылыс жұмыстарына 12 мердігер, 200-ге жуық құрылысшы мен 22 техника жұмылдырылды.

Облыс әкімі қалған 11 үйдің жұмыстарын қараша айына дейін толығымен аяқтауды тапсырып, аудан басшылығы мен мердігерлерге нақты міндеттер жүктеді.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев Жібек жолы елдімекенінде болып, ондағы 150 орындық мектеп құрылысымен танысты. Құрылысшылар екі қабаттан тұратын ғимараттың іргетасын құйып, бірінші қабаттың қабырғасын қалау жұмыстарын бастап кеткен.

Құрылыс жұмыстары барлық бағытта, бір мезгілде жүргізіліп жатыр. Бір бригада алғашқы қабаттың кірпішін қалауға кірісіп кетсе, енді бірі монтаждау, келесі топ, дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Құрылыс басында 95 құрылысшы жұмыс істейді. Олардың 25-і осы елдімекеннің тұрғындары. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Жалпы нысанды желтоқсан айының соңында тапсырмақ ниеттеміз. Құрылысқа негізінен жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылады, - дейді мердігер компания өкілі Елмұрат Күнібеков.

Облыс әкімі мердігерге құрылыстың бар талаптарын сақтау, отандық өнімді пайдалану, сапа мен мерзіміне айрықша назар аудару керектігін ескертті.