Қорғаныс министрлігінің саперлері оқиға орнынан тағы бір адамның денесін тапты. Оның жеке басының мәліметтері анықталып жатыр.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқандар саны он төрт адамға жетті. Қорғаныс министрлігінің саперлері оқиға орнынан тағы бір адамның денесін тапты. Оның жеке басының мәліметтері анықталып жатыр, деп жазады sputniknews.kz.
Қайтыс болғандар арасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Жоғалған екі адам іздестірілуде, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Тараз маңындағы жарылыс
Қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында болды. Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт шығып, артынша оннан астам жарылыс болды. Белгілі болғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, өрт тротил сақталған қоймадан басталған.
Соңғы мәлімет бойынша оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан 14 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар.
Бүгін, 29 тамыз Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттады.