Жарылыс болған әскери бөлімді кім басқарды – қорғаныс министрлігінің жауабы

0
936

​Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдегі жарылыстарға себеп болған өртті сөндіруге жауапты адамдардың атын атады.


Жарылыс болған әскери бөлімді кім басқарды – қорғаныс министрлігінің жауабы

ERNUR.KZ. Қазақстанның қорғаныс министрлігі жарылыс болған Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімге кім басшылық еткенін айтты, деп жазады sputnik.kz.

Естеріңізге сала кетейік, парламент мәжілісінің депутаты Альберт Рау үкімет басшысына жолдаған сауалында бөлім командирінің атын атап, әскери қоймадағы жарылысқа кінәлілерді жазаға тартуды талап еткен болатын.

Әскери бөлімде командир болмаған ба?

"Инженерлік оқ-дәрілер қоймасы өртенген әскери бөлім "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының құрамына кіреді. 2016 жылдан 2021 жылдың мамырына дейін әскери бөлімнің командирі Серік Байсақалов болды. Қорғаныс министрінің бұйрығымен подполковник Серік Байсақалов шекті жасқа жетуіне байланысты Қарулы күштер қатарынан босатылды – ол 48 жасқа толды. Іс жүзінде Байсақалов 2021 жылдың 29 шілдесінде бөлім тізімінен шығарылды.

Маусым айында өңірлік қолбасшылық комиссиясы командирлік лауазымды уақытша атқаруды бөлім штабының бастығы майор Аслан Бақытжановқа жүктеді".

Өртті сөндіруге кім жауапты болды?

"Өрт басталысымен әскери бөлімнің штаттық өрт сөндіру командасы өрт сөндіру бөлімдері келгенге дейін оны дереу сөндіруге кірісті, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментіне хабарланды.

Ішкі істер министрінің 2017 жылдың 26 маусымындағы №446 бұйрығымен бекітілген өртті сөндірудің қолданыстағы ережелеріне сәйкес, одан әрі өртті сөндіруге оқиға орнына келген өртке қарсы қызмет гарнизонының жоғары лауазымды тұлғасы тікелей басшылық жасайды. Дара басшылық қағидасы бойынша өрт сөндіру басшысы оны сөндіруге қатысатын жеке құрамды, сондай-ақ өртті сөндіруге жұмылдырылған күштерді басқарады.

Ол үшін төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметінде елді мекенде орналасқан барлық өрт қауіпті объектілер туралы ақпарат болуы керек".

26 тамызда әскери бөлім қоймаларында кем дегенде 10 жарылыс болды. Өрт шығып, оқ-дәрі жарылды. Өртті сөндіріп, жарылыс салдарын жоюға өрт сөндірушілер мен әскерилер жіберілді. Төтенше оқиға салдарынан 15 адам көз жұмды, 90-ға жуық адам жарақат алды.