ERNUR.KZ. Тараз маңындағы жарылыстардан кейін тонаушылар жол бойындағы кешенді тонап кетті. Бұл туралы "Тау дос" кешенінің иесі Жанна Назарбекова айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
Кешен жарылыс болған әскери бөлімнен 500 метрде болғандықтан, соққы толқыны қуатты болған. Мекемеде терезелер қирап, шатыр құлаған, жиһаздар мен ыдыс-аяқ сынған.
"Біздің кешен Тараз қаласынан Алматыға шығатын жерде, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тасжолы бойында орналасқан. Әскери бөлім кешеннің артында, бізден 500 метр қашықта орналасқан. Былтыр мұнда Арыс қаласынан оқ-дәрілер жеткізілді", - дейді кешен иесі.
"Тау-дос" қызметкерлері әуелі әскери бөлім аумағында өрт шыққанын айтты. Өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндіруге кіріскен. Оқ-дәрі бірден жарылған жоқ.
"Күйеуім екеуміз ол кезде кешенде болмадық, біз кеше ғана емделуге кеткенбіз. Кешкі сағат 18.00 шамасында даяршылар бізге қоңырау шалды. Олар жұмыста жүргенде жарылыс болған. Алғашқы толқын болғанда терезелер сынған, адамдар қорыққаннан қашып шыққан. Жартысы Михайловкаға қашқан, бұл жақын маңдағы ауыл. Кейін қатарынан бірнеше жарылыс болған. Кешен іші толығымен қирады. Шатыр, есіктер, терезелер - бәрі жарамсыз. Барлық мүлік бүлінген", - дейді кешен иесі.
Тонаушылар жағдайды пайдаланып, ғимараттан құнды заттарды, тіпті азық-түлікті де алып кеткен.
"Тонау түнде басталды, түнде олар барлық барды, тоңазытқыштарды босатып кеткен, ақша да ұрланды. Дүкенде, кафеде, миллион теңгеге жуық бір күндік табыс болған. Жұмысшылардың жеке заттары да жоғалып кетті. Олардың телефондары, заттары. Барлық жиһаз көшеде жатыр", - дейді Назарбекова.
Кешен иелері қазірдің өзінде полицияға арыз жазған. Олар шығынды әлі есептеп үлгермеген. Үй иесінің айтуынша, жақында ғана ол банктен несие алып, жаңа шайхана салған, ол да қазір қираған.
"Біз мұнда әрең жеттік. Бізді кіргізбеді, барлығы қоршауға алынған. Бүгін таңертең әскери киім киген бір ер адамды ұстап алдық. Біздің көзімізше қымбат алкогольдік сусындарды сөмкесіне салып алып барады", - деп ашуланды кешен иесі.
Бұған дейін Жамбыл облысындағы жарылыстардан қаза тапқандар саны 9-ға жеткені айтылған болатын.