Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты

0
781

Провинцияларда 29 мыңнан астам құтқарушы үйінділерді аршып жатыр.


Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты

ERNUR.KZ. Түркияның вице-президенті Фуат Октай жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 674 адамға жетіп, 72 мыңнан астам адам жараланғанын хабарлады, деп жазады sputnik.kz.

"Дәл қазіргі сәтте 17 674 адам қаза болып, 72 879 адам жарақат алғаны белгілі болып отыр", - деді Октай Кахраманмараш провинциясында өткен брифингте.
Ол сондай-ақ зардап шеккен провинцияларда газ және электр қуаты қалпына келтірілгенін, бірақ кейбір жерлерде сақтық шараларына байланысты әлі берілмегенін атап өтті.
Оның айтуынша, провинцияларда 29 мыңнан астам құтқарушы үйінділерді аршып жатыр.
6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында магнитудасы 7,7 жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ шекаралас Сирияда да сезілді. Алғашқы соққыдан кейін тағы 20-дан астам дүмпу тіркелген.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жер сілкінісін 1939 жылдан бергі елдегі ең ірі табиғи апат деп атады. Ол кезде зілзала Эрзинджан қаласын жермен-жексен етіп, 32 мыңнан аса адамның өмірін қиған.
Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Екі провинцияда – Шанлыурфа және Килисте іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.