Түркияның Кахраманмараш қаласында қазақстандықтар киіз үй тіге бастады

0
956

Түркия халқына қол ұшын созуға Қазақстаннан 12 ерікті келді.


Түркияның Кахраманмараш қаласында қазақстандықтар киіз үй тіге бастады

ERNUR.KZ. Жер сілкінісіне байланысты Түркия халқына көмек көрсету мақсатында Кахраманмараш қаласында қазақстандықтар бірнеше киіз үй орната бастады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Киіз үй алғаш болып Кахраманмараш қаласында орнатыла бастады. Бұл киіз үйлердің Түркияға жеткізілгеніне бірнеше күн болды. Бүгін тағы 84 киіз үй әкеледі», – деді қазақстандық тілші Нұрбек Бекбау.


Оның айтуынша, Түркия халқына қол ұшын созуға Қазақстаннан 12 ерікті келді. Жалпы саны 100-ге жуық киіз үй жеткізілді.

Сондай-ақ, жерлесіміз киіз үйдің бірінде түнеп шыққаны видеодан байқалады.

«Жер сілкінісінен кейін күн тез суытып кетеді. Кахраманмараш қаласындағы жағдайды байқадық. Дала суық. Біз алдымен киіз үйде өзіміз түнеп көрдік, жылылығын тексеру үшін. Жылу құрылғысы, көрпе-төсек және электр плита керек. Бір киіз үйге 20 адамға дейін сияды», - дейді ол.

Одан бөлек, «Елім-ай» футбол клубы да түрік халқына киіз үйлер жеткізді.

Қазақстандықтар киіз үйлер сатып алуға 20 млн теңгеден астам қаржы жинады. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй сатып алынды. Қалған сомаға тұрмысқа қажетті заттар алынды.

Түркияға қолдау көрсету жағынан отандық кәсіпкерлер де қалыс қалмады. Олар 50-ге жуық киіз үй сатып алды. Осылайша қазақстандықтар Түркияға 100-ге жуық киіз үй жеткізді.

Түркия еліне көмек көрсету мақсатында жерлесіміз Нұрбек Бекбау шот ашқан. 7 ақпаннан бастап аталған шотқа қазақстандықтар қайырымдылық жасап жатыр.


Еске салайық, қазақстандықтар Түркия халқына 100-ге жуық киіз үй жіберетіні туралы хабарлаған едік.