ДДСҰ Түркиядағы зілзаланың ауқымын бағалады

0
611

Қазір елде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.


ДДСҰ Түркиядағы зілзаланың ауқымын бағалады

ERNUR.KZ. Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі соңғы 100 жылдағы аймақтағы ең ауыр табиғи апат болды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клюге мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бір аптадан астам уақыт бұрын Түркияның орталық бөлігі мен Сирияның солтүстік-батысында болған күшті жер сілкіністері аймақтағы соңғы ғасырдағы ең ауыр табиғи апат болды», - деді Клюге.

Ол өңірде апат салдарынан 36 мыңнан астам адам қаза тапқанын, сондай-ақ екі елде де кемінде 26 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Клюге бұл көрсеткіш әлі де көбеюі мүмкін екенін атап өтті. ДДСҰ құрбандар мен зардап шеккендер екі есе көп болуы мүмкін екенін болжап отыр.

ДДСҰ өкілі сондай-ақ, Түркиядағы медициналық жүйе ауыр жүктемеде жұмыс істейтініне назар аударды, өйткені елде жараланғандар көп.

«Біз ДДСҰ-ның Еуропалық аймағында 75 жылдық тарихымыздағы ең ірі жедел медициналық көмек бригадаларын орналастыруды бастадық. Олардың мақсаты - зақымдалған медициналық мекемелерді қолдау», - деп қосты Клюге.

Түркиядағы зілзалада 4 қазақстандықтың жоғалғаны белгілі болған еді. Өкінішке қарай, оның үшеуі зілзала кезінде қаза тауып, денелері анықталды. Бір адамның тек қолы сынған күйі аман табылды. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек пен құтқарушы мамандарды да жіберді. Сондай-ақ, түрік еліне 130 киіз үйді тігу бойынша жұмыс істеп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды.