Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен 7 200-ден астам адам қаза тапты

0
1 362

Түркияда құрбандар саны 5434-ке дейін өсті, 32 мыңнан астам адам жарақат алды.


Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен 7 200-ден астам адам қаза тапты

ERNUR.KZ. Түркияның оңтүстік аймақтарында және Сирияның солтүстігінде дүйсенбі мен сейсенбіде болған және 7,2 мыңнан астам адамның өмірін қиған үш ірі жер сілкінісінен кейін құтқару жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Құтқарушылардың айтуынша, сейсенбі күні кешке Түркияда құрбандар саны 5434-ке дейін өсті, 32 мыңнан астам адам жарақат алды. Жер сілкінісі салдарынан 6 мыңға жуық ғимарат, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлер құлады.

Көршілес Сирияда кем дегенде 1712 адамның қайтыс болғаны белгілі. Сирияда жұмыс істейтін «ақ дулыға» ұйымының құтқарушылары бұл мәліметтер түпкілікті емес деп отыр.

Жаңа есептеулерге сәйкес, қаза тапқандардың жалпы саны 7200-ден асты.

ДДСҰ бағалауы бойынша, зардап шеккен аумақтарда барлығы 23 миллионға жуық адам тұрады. Ұйым қаза тапқандардың саны 20 мыңнан асуы мүмкін екенін ескертті.

Сейсмологтар 6 ақпанға қараған түні 7,7 баллдық жер сілкінісін тіркеді. Ол Сирия шекарасына жақын орналасқан Түркияның Газиантеп қаласының маңында болды. Осыдан кейін бірнеше ондаған жер сілкінісі тіркелді. Кеше күндіз тағы 7,6 баллдық жер сілкінісі болған.

Түркияда бұған дейін жойқын зілзала 1999 жылы болған. Ол кезде Ыстамбұлдан алыс емес жерде, Измитте Мәрмәр теңізінің жағалауында магнитудасы 7,7 балл болатын жер сілкінісі 17 мыңнан астам адамның өмірін қиған еді.