Түркияда кеше қайталанған жер сілкінісінен 300-ге жуық адам жарақат алған

0
978

Жаңадан болған жер сілкінісі салдарынан 3 адам қаза тапқан.


Түркияда кеше қайталанған жер сілкінісінен 300-ге жуық адам жарақат алған

ERNUR.KZ. Түркияның Хатай провинциясында кеше болған жер сілкінісінен зардап шеккендер саны артты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл жайында елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлім етті.

«Бүгін кешке Хатайда болған екі жер сілкінісінен 294 адам жарақат алды. Өкінішке қарай, оның ішінде 18 науқастың жағдайы ауыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар Адана және Дертиол қалаларына жеткізілді. Біздің барлық далалық ауруханалар пациенттерімізге тиісті қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр», - деп жазды министр Twitter парақшасында.

Оның айтуынша, Хатай университетінің медицина факультетінде және Искендерун мен Рейханлы мемлекеттік ауруханаларында жатқан жалпы саны 95 пациент екі жаңа жер сілкінісінен кейін сақтық шарасы ретінде Адана мен Дертиол ауруханаларына ауыстырылған.

«Біздің далалық ауруханалар Хатайда кезекшілік етеді», - дейді ол.

Осыған дейін Хатай қаласына қарасты Дефне ауданында дүйсенбі күні 6,4 магнитудалық жер сілкінісі тіркелген еді. Кешірек қуаты 5,8 магнитудаға жететін тағы бір жер сілкінісі болды.

Жаңадан болған жер сілкінісі салдарынан 3 адам қаза тапқан.

Түркияның Хатай қаласына қарасты Дефне ауданында жер сілкінісі екі рет қайталанған соң Антакия мен Искендерун қалаларының арасындағы жол бұзылды.

Бүлінген ғимараттар да бар екені айтылып жатыр.

Жалпы, осы ақпанда Түркияның 10 өңірінде болған жер сілкінісінен 41 мыңнан аса адам көз жұмды.