Ұшақ апатынан кейін облыстық көпсалалы ауруханаға 27 адам түскен.
фото:BARBARA GINDL
АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Ақтаудағы ауруханада апатқа ұшыраған ұшақтың 18 жолаушысы қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Аурухананың медициналық қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің жетекшісі Жанар Байманованың айтуынша, бес адам жан сақтау бөлімінде жатыр.
"Жан сақтау бөлімінде жатқан төрт адамның жағдайы ауыр, бір әйелдің жағдайы өте ауыр. Жолаушылар алған жарақаттардың басым бөлігі – сүйектердің сынуы, іш пен өкпе жарақаты, сондай-ақ, бас сүйек-мидің ашық және жабық жарақаты", - дейді Байманова.
Ұшақ апатынан кейін облыстық көпсалалы ауруханаға 27 адам түскен.
"Олардың ішінде сегіз ересек пен бір баланы Ресейге алып кетті, қалғаны – Әзербайжан мен Қырғызстан азаматтары. Олар ауруханада қалып отыр", - деп атап көрсетті Байманова.
25 желтоқсанда Ақтау әуежайына жақын жерде Azerbaijan Airlines – AZAL компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға орнында 38 адам қаза тапты. Аман қалғандардың бәрі ұшақтың артқы жағында отырған жолаушылар.