Зымыран 8432 рейсіне қарсы атылған, бұл кезде Грозный үстінде ұшқышсыз ұшатын аппараттар әрекет еткен.
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі
ERNUR.KZ. 26 желтоқсанда Әзірбайжан үкіметінің дереккөзі Embraer E190AR ұшағының Ақтауда құлауына ресейлік "жер-әуе" зымыраны себеп болғанын растады, деп жазады stan.kz.
Шетелдік басылым мәліметінше, зымыран 8432 рейсіне қарсы атылған, бұл кезде Грозный үстінде ұшқышсыз ұшатын аппараттар әрекет еткен.
“Дереккөздер мәліметінше, зымыран Грозный үстінде дрондарға қарсы шаралар кезінде 8432 рейсіне бағытталған, зымыран ұшаққа жақын жерде жарылып, оның сынықтары жолаушылар мен экипаж мүшелеріне тиген” делінген хабарламада.
Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздің Euronews-ке хабарлауынша, зақымданған ұшақ ұшқыштардың шұғыл қону туралы өтінішіне қарамастан, Ресейдің ешбір әуежайына қонуға рұқсат етілмеген. Сондай-ақ оларға Каспий теңізі арқылы Қазақстанның Ақтау қаласына қарай ұшуға бұйрық берілген.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстінде ұшу барысында толықтай бұғатталғаны айтылады.
Мұндай тұжырымды бұған дейін де әлемдік медиалар жазған.
Мәселен, германиялық BILD басылымы ұшақты Ресей күштері шатасып атқан болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем абылдап жатыр. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды.