Апаттан орнынан 28 адам ауруханаға жеткізілген, оның 2-еуі бала.
Коллаж Ulysmedia.kz
ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы адамдар саны туралы ақпаратты нақтылады, деп жазады ulysmedia.kz.
ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті Авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары басқармасының бастығы Қайрат Жанаспаевтың мәліметінше, бортта бұған дейін айтылғандай 67 адам емес, 69 адам болған, оның 5-еуі экипаж мүшесі.
Сондай-ақ Қайрат Жанаспаев борттағы азаматтар туралы ақпаратты да толықтырды. Оның дерегінше, бортта 37 емес, 42 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Апаттан орнынан 28 адам ауруханаға жеткізілген, оның 2-еуі бала.
Маңғыстаудағы облыстық көпбейінді ауруханаға 26 адам түскен. 7 адам жансақтау бөліміне жатқызылған, жағдайы ауыр.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында ұшақ құлаған еді. Оқиға орнынан видео желілерде тараған. Кадрларда ұшақ күрт биіктігін жоғалтып, құлап бара жатқаны көрінеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер жеткен. Оқыс оқиға Сайын Шапағатов ауылында болғанын хабарланды. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ұшақ Баку қаласынан Грозныйға бағыт алғанын мәлім етті.
Қолда бар ақпарат бойынша ұшақ апатына оның құсқа соғылып, рульді басқаруда туған қиындық себеп болған.